Авторы: Nugman
• 26 Қыркүйек, 2008

Бүгін - қасиетті Қадір түні. Дәлірек айтсақ, қасиетті Құранда айтылған “мың айдан хайырлы” түннің бүгінгі түнге сәйкес келу ықтималдығы өте жоғары. Адам баласына ақ пен қараның ара жігін ажыратып беру мақсатымен жол көрсетуші ретінде жіберілген Құранда арнайы сүре ретінде аты аталған осы бір берері мол, берекесі сансыз қасиетті түнді лайығынша өткізе білсек нұр үстіне нұр болар! 

Қадір түнінің қадірін білейік!

Бөлімі: Новости  | 4 пікір
Авторы: Nugman
• 24 Қыркүйек, 2008

Басқаларды қайдам, өз басым саяхатқа шығуды жақсы көрем…

“Сапардорбаңды” иығыңа сап алып, “тудук тудук” деген отарбаның оқыс дыбыстарына құлағыңды салып, ұшы қиыры көрінбейтін кең байтақ қазақ даласына ойлана көз тастап, қиялға ерік беріп, небір тәтті армандарға беріліп саяхат шеккенге не жетсін… Не болмаса, терезеге жақын орындыққа жайғасып алып, жоғары көтерілген сайын баратын ел туралы, артта қалған туған жер туралы, жалпы өз өмірің туралы қызық толғаныстарға бой алдырып, бұлттардың үстінен масаттана тамашалап, сөзбен жеткізгісіз сезімдерді тататын ұшақ саяхаты қандай десеңші! Темір жол вокзалындағы қарбалас халық… Әуежайлардағы ерекше құбылыс… Жаңа елге барғандағы алатын әсерлер… Туған жерге деген тәтті сағыныш… Осының бәрі ұнайды маған. Сондықтан, іссапардың иісі шықса болды, көңілім көтереліп, шабытым тасып кетеді екен. Бірақ бір қызығы, мен жапонның туристері сияқты, бір елге барғанда соның қуыс-қуысын аралып, суретке түсіп әлек боп жатқанды онша ұнатпайды екем. Маған басқа қалаға, басқа елге барсам, сол жерде жұмысымды істеп, қонақүйде жатқанның өзі ерекше әсер беретіндей. Бөтен жердің, алыс елдің атмосферасы, халқының менталитетін және басқа да жат жерге тән факторларды сезінудің өзі адамға ой салады деп есептеймін. Сондай кездерде өзіңе-өзің сырт көзбен қарау оңайырақ сияқты көрінеді. Алып әлемдегі құжынаған адамдардың арасынан өзіңді көресің… Қызық… Әсіресе әуежайдағы көріністер ерекше. Амстердам, Дубаи, Куала Лумпур, Сингапур, Стамбұл, Мәскеу сияқты үлкен қалалардағы әуежайлардың бірінде, ұшағыңды күтіп, айналаңа көз жүгіртсең небір көрініске тап боласың. Сол сәтте бейне бір кішігірім планетаны көргендей боласың ба, бірдеңе әйтеуір: құжынаған халық, оның ішінде қазағы бар, қытайы бар, жапоны бар, французы бар, американы бар… обшым жоғы жоқ. Біреу бір жерге асығып бара жатыр. Біреулер, ұшағын күтіп ұйқтап жатады… Енді біреулер ұшағына кеш қалып зыр жүгіріп жүреді… Дөңгеленген дүниенің, тоғысқан тағдырлардың кішігірім бір үлгісі тәрізді…

Өмір-ай десеңші…!

 

Бөлімі: Ой-толғау  | 6 пікір
Авторы: Nugman
• 24 Қыркүйек, 2008

Күз келді міне, тағы да бізге айналып,

Өмірдің мәнін еске сап қайта тұрғандай,

Кешегі жазда, сайран сап, күліп, ойнадық,

Ойыны елдің, қояр ма тегі бір қанбай?

 

Табиғат күзі миллион мәрте келуде,

Қыс барын еске салумен әлек баяғы…

Адамның күзі - келгені ме екен елуге?

Аяңдап басып “қысына” қарай саяды..

 

Күз келіп міне, жапырақ байғұс үзілді,

Сұлулық кетсе, құр сүлдең қалар дегендей.

Маңдайды бойлап, бет жақта әжім сызылды

Адам боп келдім, адам боп кетсем, тек өлмей…

 

Дала да суық, күз келіп аспан түнерді,

Әрнені ойлап, қарт кісі отыр мұңайып,

Жастық шақ кеткен, аяқтар енді шідерлі,

Еске алып қысты, ойланбау, сірә, мың айып!

Бөлімі: Өлеңдер  | 5 пікір
Авторы: Nugman
• 24 Қыркүйек, 2008

Осы, қазақтың әрбір мақалының қашан, қай жағдайда шыққанын білсе, шіркін! Өйткені, мақалдатып сөйлеген кісіні көрсек, “ойпырмай, сұмдқ шешен екен” деп тамсанатынымз рас. Бірақ, Абай өз қара сөздерінде тоқталып кеткендей, мақалдың да мақалы бар емес пе. Тіпті кейде, бір-біріне қарама-қайшы мақалдар да кездесіп жатады. Әр жағдайға байланысты, өзімізге ыңғайлысын айтып қойееп отырамыз шалқиып. Егерс осындай мысалдар білсеңіз, ой бөлісейік мақалдар туралы.

Мысалы деймін да, осы қазақтың “асық ойнаған азады, доп ойнаған тозады” деген мақалы бар. Осы мақалдың жасы нешеде екен? Егер осы мақадың жалғасын еске алсақ, қазақ халқының әлі отырықшыланбаған, қой бағып, көтен ішек жеп жүрген кезі деп топшылауға болады. Ондай болса, сол кездің өзінде доп ойнау болған ба сонда қазақтарда? Ертең бір күні бүкіл “болдардың” (футбол, баскетбол, т.б.) отаны кең байтақ қазақ сахарасы боп жүрмесін да…

Бөлімі: Ой-толғау  | 4 пікір
Авторы: Nugman
• 24 Қыркүйек, 2008

Менің достық туралы өлең жазғым келеді…

Бірақ ойлап қарасам, бүгінге дейін бұл тақырыпқа қалам саптап көрмеген екенмін. Неге? Өзімді “достық” атты асқақ ұғымға біраз тереңдеп, оның қадір-қасиетін азды-көпті түсінетін жандарының қатарынан санайтыным өтірік емес. Неге жазбаймын? Ойлағанда жүрегіңді лүпілдетіп, көңіліңді ерекше бір кеңдікке толтыра кететін осы бір сиқырлы сезім туралы неге төгілтіп тұрып жыр жазбадым екен? Тіпті деймін-ау, мен ғана емес, мен танитын ақындыққа жақын жолдастарымның ешбірінің “реперуарынан” достық туралы өлең көрмеппін. Көрсем де, аз болған шығар, өйткені көп болса міндетті түрде есте қалар еді. Ол ол ма, қазақтың небір жыр сәйгүліктерінің өздері осы тақырыпқа өте жиі бойламаған сияқты көрінеді маған. Тек санаулы өлеңдер бар, бірақ әр қазақ жаттап алатындай етіп жазылған, мәңгілікке сақталар дербес туындылар тәрізді… Бұған себеп не? “Мұндай ұлы сезімді жете жырлай алмай қалам ба” деген қобалжу ма? Бірақ, “туған жер”, “махаббат”, “ана” сияқты ұлы ұғымдар туралы көбірек жазылатындай… 

Менің достық туралы өлең жазғым-ақ келеді… Бірақ…

Бөлімі: Ой-толғау  | 15 пікір
Авторы: Nugman
• 23 Қыркүйек, 2008

Ішінде жүріп халықтың,

Күйін бір кештім балықтың,

Үндемей жүре берем деп

Өлеңге шөлдеп қалыппын…

 

Шығар деп алдан жарық күн,

Күтуден, сірә, жалықтым,

Жыр болып сыртқа төгілер

Өлеңге шөлдеп қалыппын,

 

Өмірден терең мән ұқтым,

Насихатқа да қанықпын,

Ақтарып елге салатын

Өлеңге шөлдеп қалыппын.

 

Кейбіреулерден зар ұқтым,

Төріндей, тіпті, тамұқтың,

Үміт боп ұмтылатындай

Өлеңге шөлдеп қалыппын.

 

Ұстазға талай барыппын,

Тәрбие, тәлім алыппын,

Ұрпаққа соны ақтарар

Өлеңге шөлдеп қалыппын…

 

Кейбіреулерден ән ұқтым,

Енді біреуден сән ұқтым,

Кейбіреулерден жалықтым,

Біреуді жаңа таныппын,

Әйтеуір соңғы уақытта

Өлеңге шөлдеп қалыппын!

Бөлімі: Өлеңдер  | 3 пікір
Авторы: Nugman
• 21 Қыркүйек, 2008

Кез келген қоғамда, адамдар бір-біріне тілек айтады. Туған күндерде, тойларда, бақа да қуаныштарда. Ойлап қарасақ, сол тілектерден сол қоғамның, ұлттың болмысын, менталитетін байқауға болатын сияқты. Әр елдің өзіне тін ерекшеліктері бар сияқты. Бір байқағаным - қазақтардың тілегіндегі ерекшелік ешбір елде жоқ екен…
Біздің қазақ міндетті түрде тілегінің соңында: “халқына қалаулы азамат болсын”, “ел сенімін ақтайтын ер болсын”, “бүкіл халыққа пайдасы тие берсін”, “елінің мақтанышы бола берсін” деген сияқты сөздер айтады емес пе. Міне, діл осындай тілектерді мен басқа халықта байқамаппын! Дәм тартып, біраз елді аралап көрсем де, еш халықта дәл қазақтардай “халықтық” пиғыл байқамаппын. Менің ойымша бұл шын мәнінде қазақ халқының терең парасаттылығын көрсетсе керек. Дәлірек айтсақ, халықтың педогогиканың, халықтық философияның, халықттық дүниетанымның тереңдігі мен кеңдігін көрсететін сияқты. Эгоцентристік емес, көпшілдік идеяны насихаттайтын дүниетаным… Сіз қалай ойлайсыз?

Бөлімі: Ой-толғау  | 6 пікір
Авторы: Nugman
• 12 Қыркүйек, 2008

Күзгі жауын.Күңгірт аспан. Сұр дала…
Жапырақтар дірілдейді ырғала.
Жетімсіреп ағаш байғұс қалғандай,
Жыламсырап… жыламсырап тұр қала…

Күзгі жауын. Күңгірт аспан. Сұр дала…
Құстар үнсіз, қанат қағар мұңдана.
Терезеден сұр далаға түнеріп
Қарап отыр жыртық көңіл бір бала…

Күзгі жауын. Күңгірт аспан. Сұр дала…
Сұр даладай іште де бар бір жара.
Қарай қалса күңіренген аспанға
Қоңыр ойлар қылт етеді ұрлана.

Күзгі жауын. Күңгірт аспан. Сұр дала…
Мұндай күнде ақтарылар сыр дара.
Сапылдаған сөз де артық, үн артық,
Көңіл күйін төгіп жатыр жыр ғана…

Күзгі жауын. Күңгірт аспан. Сұр дала…

Бөлімі: Өлеңдер  | 10 пікір